«Халқым деп соққан жүрегі, қазаққа туған ұл еді» атты
Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығына арналған танымдылық ғылыми конференцияның бағдарламасы
Конференцияның мақсаты: Оқушыларға Ж.Аймауытов шығармаларының өміршеңдігін, жастар тәрбиесіндегі маңызын ұғындыру.
Сахна мәдениетіне тәрбиелеу.
Өтілетін орны: думан залы
Конференцияның өтілу әдісі: топтық жұмыс, сұрақ-жауап
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері екі топқа бөлініп, оқушыларды дайындайды. Топтық жұмыс Ж.Аймауытов өмірі мен шығармашылығы жөнінде түзілген сұрақтар бойынша жүргізіледі. Баяндама, монолог оқу, сахналық қойылым, мәнерлеп оқу барлығы да осы сұрақ-жауап барысында қамтылады.
Конференцияның барысы:
Жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар, қымбатты ұстаздар, оқушылар!
«Ана тілі – халықтың жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі» деп тебіренген Алаштың айбынды тұлғасы Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Халқым деп соққан жүрегі, қазаққа туған ұл еді» атты ғылыми конференцияға қош келдіңіздер!
Конференцияның ашылуына Рахымберді ағайға сөз береміз.
Жүргізуші: «Жүсіпбек Аймауытов – бүкіл табиғатымен, бар икем қабілетімен, алған мамандығымен, істеген қызметімен негізінен ұстаз адам». Бүгін екі топ мүшелерінің жинақтаған зерттеу еңбектерінен арыс азамат Жүсіпбек Аймауытов өмірі мен шығармашылығы және қызметі туралы мағлұмат тыңдайық.
І топқа сұрақ: Жүсіпбектің әкесі Аймауыт неше ағайынды болған? Жүсіпбектің балалары мен немерелерін атап беріңіз. Аймауытовтың жаламен жазалануы. Жазушының өмірге келген, өмірден озған жылдары.
ІІ топқа сұрақ:Жүсіпбек Аймауытов ең алғашқы өлеңін неше жасында және не жайында жазды? Жүсіпбек көркем сөз шебері екені белгілі. Оның жазудан басқа қандай өнері болған? 1917 жылы 17 желтоқсанда М.Әуезов пен Ж.Аймауытов қай пьесада, қандай кейіпкерлердің рөлін өздері ойнаған? Жүсіпбек кезінде қандай бүркеншік аттарды қолданған? Ж.Аймауытов қазақ орыс тілдерінен басқа қандай тілдерді жетік меңгерген? «Әңгімеде қарапайым халықтың ұлттық характері мен тұрмыс-тіршілігі, ел мен жердің табиғи суреті, ең бастысы Ж.Аймауытовтың қолтаңбасына тән әуезді тіл, сұлу ырғақ анық сезіледі»,- деген жылы лебіз кімнің пікірі?
Жүргізуші: Жазушының қызметіне де тоқталсаңыздар.
І топ: Ж.Аймауытовтың қазақ әдебиетіндегі орны, жеке ұстаздық қызметі мен қайраткерлігі, өмірінің соңына қарай қай жерде, қандай лауазымдық қызмет атқарғаны туралы не айтасыздар?
ІІ топ: Ж.Аймауытов М.Әуезовпен бірлесіп Семей қаласында қандай журнал шығарғаны, Оңтүстік өңірі, Шымкенттегі қызметі, қалдырған ізі, Кеңес өкіметі жылдарында қандай басылымдарда лауазымдық қызмет атқарғаны жөнінде не білесіздер?
Жүргізуші: Жүсіпбектің үлкен прозадағы тұңғышы – «Қартқожа» романы. Ол – жазушының ғана емес, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман. Ал, «Ақбілек» романынан адам мінездерінің энциклопедиясын көруге болады,-деп көрнекті қаламгерлеріміз бағалағанындай жазушы ағамыздың шығармашылығының шыңы болып табылатын қос романы жайындағы біздің топ мүшелірінің толғауларына тоқталайық.
І топ: «Қартқожа» романының басты кейіпкері прототипке қалай сомдық бейне жасаған, Қартқожадан қалған ұрпақ бар ма? Бұл роман қай қалада, қай жылы жеке кітап болып шықты?
ІІ топ: «Ақбілек» романындағы оқиға, анасы, кейіпкерлері, ағасы Төлеген, әсем өлкенің суреттелуі, 1928 жылы «Ақбілек» романының қай журналдың бірінші санында жарияланғаны жөнінде айтып өтіңіздер.
Жүргізуші: «Жүсіпбек Аймауытов – творчестволық интеллегенцияның жарқын өкілдерінің бірі, романист, драматург, аудармашы»,- деп Ғабит Мүсірепов жазушы еңбегіне жоғары баға берген. Ендеше топ мүшелірінің Ж.Аймауытов драматургиясынан қалай ізденгендеріне куә болайық.
І топ: «Шернияз» пьесасы қанша бөлімнен тұрады, пьесаның басты кейіпкері кімнің пртотипі? Ж.Аймауытовтың жастардың әдеби кештерінде қойылған тұңғыш пьесалары, Қазақстан автономиялық республикасының 5 жылдығына орай өз режиссурасымен Қызылорда қаласында сахнаға қойылған пьесасы туралы әңгімелеңіздер. Сонымен бірге «Әнші» әңгімесіндегі Әмірқанның прототипі кім, ол жайында не айтасыздар?
ІІ топ: «Ел қорғаны» деген пьесасын Жүсіпбек қай оқиғаға арнаған? 1915 жылы Аймауытовтың сахнада өзі бас кейіпкердің рөлін ойнаған тұңғыш спектаклі, оның тұңғыш баспа бетін көрген пьесасын атаңыз. Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы Қазақ мемлекет баспасының күншығыс бөлімі арқылы Мәскеуде 3000 таралыммен жеке кітапша болып басылып шыққан пьесасы қалай аталады? Сондай-ақ, шекпені тозып жүрген жалғыз ұлын еске алатын кемпірдің монологі түрінде жазылған өлеңін атаңыздар.
Жүргізуші: Мал да, адам да не бар жандық мәз болды,
Қатар түзеп, үйрек, аққу, қаз келді.
Жердің жүзін бейне ұжмаққа теңейтін
Алақай, алақай-ау жаз келді,- деп жаз мезгіліндегі табиғаттың тылсымын шебер тілмен суреттеген ақынның өлең жолдарынан алар өнегеміз орасан. Ендігі кезекте топ мүшелерінің Ж.Аймауытов өлеңдерінен мәнерлеп оқуына назар аударайық.
І топ:
ІІ топ:
Жүргізуші: «Жүсіпбек – көркем сөздің ерен жүйрік зергері. Ол әрі ақын, әрі жазушы, журналист, публицист, сыншы, асқан шебер аудармашы және педагог ағартушы» екендігін әдебиетші ғалымдар атап көрсеткеніндей Ж.Аймауытовтың мол мұраларының бір саласы аудармалары мен ғылыми еңбектері. Олай болса, зерттеуші топтардың Жүсіпбек аудармалары мен ғылыми еңбектері жөнінде жинаған мәліметтеріне құлақ түрейік.
І топ: Ж.Аймауытов сал-серілік салттың күйреуін суреттейтін «Сараң сері» аудармасының желісін қай ақыннан алды? А.С.Пушкиннің қай шығармасын аударды?
Жүсіпбек Аймауытовтың 1916 жылы Ресей патшасының қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығы кезіндегі аласапыран сәттегі ауыл адамдарының психологиясы көрініс тапқан шығармасын атаңыз.
ІІ топ: Жүсіпбек Аймауытов кімдердің шығармаларын аударды? «... Шөгіп жатқан түйедей, ортасы кезеттеніп, денесін қышқыл қара түн басып, қыр арқасы торақтай ирек-ирек болып, шудасы желкілдеп тұрған, мынау өзіміздің Баян тауы...» үзінді қай шығармадан алынған?
Ж.Аймауытов мына сөзерінде кім туралы айтқан еді? «Ол жас ақындардың ішіндегі бір күшті ақын еді. Өнер білім сәулесін аңсап, құлаш ұрып, кедейлік, жоқшылық зарын шегіп, жауыз тұрмыспен жанталасып, алысып, жеңе алмай мерт болды. Тірі жүрсе, өзі айтқандай, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғандай, от жалындай зулаған болат қайрат, құрыш жігердің, кекті жүректің ақыны еді».
Концерттік бағдарлама.
Жүргізуші: Артында өшпес із, өлмес мұра, «Комплекспен оқыту жолдары», «Психология (жан жүйесі) мен өнер тану» сынды ғылыми еңбектерін қалдырған, жан-жақты өнер иесі, сегіз қырлы, бір сырлы дарын, романшы, драматург, ақын, аудармашы, зерттеуші Жүсіпбек Аймауытотың өмірі мен еңбектерін танып білу бүгінгі іс-шарамен шектелмек емес. Алдағы уақытта да көптеген жастарымыз айбынды азаматымыздың шығармалары өміршең екендігін зерттеп, зерделей берері сөзсіз.
Олай болса, бүгінгі кешті қорытындылау үшін сөз:
Келесі жолы тағлымы мол танымдылық кештерде кездескенше сау болыңыздар!
Сұрақтарға жауаптар
І.Шығармашылығы
1.«Қартқожа» романындағы басты кейіпкер прототипке қалай сомдаық бейнк жасаған?
Бас кейіпкер прототип өмірде болған адам, мұғалім болып қызмет жасаған. Ж.Аймауытов Қартқожаның балалық кезін суреттеуде бала молда ретінде өз өмірінің жастық шағындағы оқиғаларды пайдаланған.
2.Қартқожадан қалған ұрпақ бар ма?
Бар, Төлеш Қартқожаұлы Тоғанбаев, техника ғылымдарының кандидаты, қазақ ауылшаруашылық институтында қызмет атқарған.
- «Ақбілек» романындағы Ақбілектің туып өскен жері қайда орналасқан? «Ақбілек» романында қай кезеңдегі оқиға суреттеледі?
Алыстағы Алтай тауларыныда орналасқан кішігірім қазақ ауылы, Шығыс Қазақстан облысының Күршім мен Марқакөл ауданын жалғастыратын Қалғұты жері. Ақтар қашып, қызылджар қуып, аласапыран күрес жүріп жатқан азамат соғысы жылдарындағы оқиға суреттеледі.
4.Ж.Аймауытовтың қазақ драматургиясына қосқан үлесі қандай? Драматургиялық шығармалар қатарына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оның «Қанапия-Шәрбану» 1917 жыл, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны» 1925 жылы пьесалары азамат соғысы жылдарындағы кедей мен байлардың тартысын, ескілік пен жаңашылдықтың күресін суретттейді.
5.Ж.Аймауытовтың ғылыми еңбектерін атаңыз.
«Комплексті оқу жолдары», «Психология (жан жүйесі) және өнер тану», «Мағжанның ақындығы туралы, «Тәрбиеге жетекші».
6.Байман, Тұяқ, Құлтума, Шәмши, Шекер,Жұматай кімдер, қай шығарманың кейіпкерлері?
«Күнікейдің жазыға» шығармасы. Байман-Күнікей ғашық болған жігіт, Құлтума -әкесі, Шәмши-Күнікеймен қатар байдың қызы, Шекер - анасы, Жұматай-ағасы.
7.Ақбілектің анасының қазасынан кейінгі ең жақын сырласы, жанашыры кім болды? Жеңгесі Ұрқия.
8.Ақбілек ағасы Төлегеннің арқасында қай жерлерде оқып келді?
Орынбордың рабфагында, Семейде, кейіннен тағы да Орынборда
9.Ақбілекке үйленем деп зыр жүгіріп, кейіннен қыздың басынан кешкенін есіп тастап кеткен жігіттің есімі кім? Ақбала.
- «Абайдан соңғы ақындар» (1918ж), «Мағжанның ақындығы туралы» 1923ж, «Аударма туралы» 1925ж, «Сұңқар жыры» 1925ж атты сын мақалаларды Жүсіпбек қай ақынмен бірігіп жазды? Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге.
11.Шекпені тозып жүрген жалғыз ұлын еске алатын кедей кемпірдің монологі түрінде жазылған өлеңі. «Ұршығым» өлеңі.
- «Жаңа өріс» газетінде 1920 жылы басылған, аяғына «Жүсіпбек Аймауытов» деп қол қойған, қазақ қызының теңсіздіктегі өмірін суреттеген өлеңі. «Жәмилә»
- «Ел қорғаны» деген пьесасын Жүсіпбек қай оқиғаға арнады? Қазақ Республикасының 5 жылдығына арнады.
14.Жүсіпбектің драматургия саласындағы алғашқы тәжірибесіне жататын дүниесі. «Қанапия мен Шәрбану» пьесасы.
- Сал-серілік салттың күйреуін суреттейтін «Сараң сері» аудармасының желісін қай ақыннан алды? А.С.Пушкиннің «Скупой рыцарь» деген пьесасының аудармасы.
- «Қартқожа» романы қай жылы, қай қалада жеке кітап болып шықты?
Қазақ әдебиетінде роман жасауға ұмтылыс өткен ғасырдың 20 жылдардың орта тұсынан басталады. Оның алғашқы үлгісін Ж.Аймауытов жасады. «Қартқожа» романы тек жазушының бұл жанрдағы алғашқы туындысы емес, бүкіл қазақ романының төлбасы. Ол 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып шықты.
- «Шернияз» пьесасы қанша бөлімнен тұрады? Қай жерде жарық көрді? Бес бөлімнен тұрады, семей қаласында, 1926 жылы жарық көрген.
- А.С.Пушкиннің қандай шығармасын қазақ тіліне аударған?
«Тас мейман»
19.Ж.Аймауытов қай қалада оқып жүріп, ойын-сауық кештерінде өнер көрсетіп, басты рөлдерде ойнаған? Семей қаласында
20.Ж.Аймауытовтың жастардың әдеби кештерінде тұңғыш пьесалары қай жылы, қай айда сахнаға қойылды? 1917 жылы 17 желтоқсанда
21.Ж.Аймауытов кімдердің аудармаларын аударды? А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, Дюманың. Дж.Лондон, Мопассаның шығармалары мен аудармаларын аударды.
22.1928 жылы «Ақбілек» романы қай журналдың бірінші санында жарияланды? «Әйел теңдігі»
23.Ж.Аймауытовтың жаңа дүниенің есігін айқара ашқан жастарға мамандықты дұрыс таңдай білуге жәрдемдесетін еңбегін атаңыз. «Жан жүйесі және өнер таңдау»
24.1925 жылы Ташкент қаласында жеке кітап болып басылып шыққан, Қазақстан автономиялық республикасының 5 жылдығына орай Жүсіпбектің өз режиссурасымен Қызылорда қаласында сахнаға қойылған пьесасының аты? «Ел қорғаны» пьесасы
- «Кім де кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп, қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, береклі болмақ» деген сөздері Жүсіпбектің қай еңбегінде жазылған?
«Неге арналсаң, соны істе» атты мақаласында.
- Жүсіпбектің өзі «күйлі сөз» деп атаған шығармасының атын және жарық көрген жылы мен қаласын атаңыз.
1929 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Нұр» күйі.
27.Жүсіпбек реализмінің сыры неде? Ел тірлігінің, халық тұрмысының жалпыға ортақ қиындығын жұмсартпай, оның ұнамды-ұнамсыз жақтарын кең суреттеуінде. Мысалы, «Қартқожа» романы мен «Күнікейдің жазығы» хикаятындағы ауыл өмірі мен «Әнш»і әңгімесіндегі қала кедейлерінің тұрмысы.
28.1915 жылы Жүсіпбектің сахнаға қойған, бас кейіпкердің рөлін өзі ойнаған тұңғыш спектаклін атаңыз. «Біржан – Сара» спектаклінде Біржанның рөлін өзі ойнаған.
29.Ж. Аймауытовтың тұңғыш баспа бетін көрген пьесасы қайсы және қашан жарық көрді?1922 жылы жарық көрген « Сылаң қыз» комедиясы.
30.Жүсіпбектің балаларға арналған ертегілерін атап беріңіз. «Үш қыз», «Көк өгіз», «Шал мен кемпір», «Жаман тымақ».
31.Жүсіпбектің 1926 жылы Қазақ мемлекет баспасының күншығыс бөлімі арқылы Мәскеуде 3000 таралыммен жеке кітапша болып басылып шыққан пьесасының аты. «Рабиға» пьесасы
32.Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы суреттелетін әсем өлкені атап беріңіз және аталған өлке жайлы өзіңіз не білесіз? Алтай, Марқакөл аймағы
33.Кеудеде әзір жүрек бар,
Тілек бар, соған сенем мен.
Артымда қыруар елім бар,
Өлсе де денем мен өлмен!- деген жыр жолдарын жазуға Жүсіпбекті қандай жағдай итермелеген? 1930 жылғы әйгілі Бутырка түрмесіндегі ауыр азап.
34.Жүсіпбектің түлік төресі жылқы атымен байланысты әні қалай аталады? «Екі жирен»әні.
35.Жүсіпбектің қазақ тілінің сапалы оқытылуы мәселесін көтерген мақалаларының аты. «Ана тілін қалай оқыту керек?», «Емлені өзгертуге жоба»
- Қазағым, қақтықпа, қамалма,
Ел болар қамыңды амалда! – деген өлең жолдары Ж.Аймауытовтың қай өлеңінен алынған? «Ұран» өлеңінен.
37.Ж.Аймауытовтың қай өлеңі 1918 жыл «Абай» журналында басылып шығады? «Ұран», «Әскер марсельезасы»
38.Қызылордада Жүсіпбектің қай шығармасы жеке кітап болып басылып шықты? «Нұр күйі» поэмасы 1929 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылды. Онда адамның көңіл күйі, қуанышы мен мұңы жырланады. Поэма жастарды өмірді сүюге, қиындыққа қарсы тұра білуге шақырады.
39.Аймауытовтың 1916 жылы Ресей патшасының қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығы кезіндегі аласапыран, патшаның тақтан құлауы алдындағы қазақ ауылының көрінісі, адамдар психологиясы көркем бейнеленген шығармасы қайсы? ХХ ғасыр басындағы қазақ еңбекшілерінің, олардың аласапыран тұсындағы тағдырын бейнелеген алғашқы күрделі шығармалардың бірі болып саналатын «Қарқожа» романы 1926 жылы Қызылорда қаласында басылып шықты.
- Жазушының «Шернияз» пьесасындағы басты кейіпкер кімнің пртотипі? Аймауытов пьесаларының ішіндегі көркемі – «Шернияз»пьесасы. 1926 жылы Қазақстан Оқу комисарияты семей баспаханасынан жарық көрді. Пьеса ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған.
41.Ақын «Көшу» өлеңінде нені суреттеген? Қазақ ауылындағы көш суреттері, көштің сән-салтанаты.
- «Нұр күйі» поэмасындағы ақынның айтпақ ойы? «Нұр күйі» поэмасында ақын адамның көңіл күйін, қуанышы мен мұңын жырлап, жастарды өмірді сүюге, қиындыққа қарсы тұра білуге шақырады.
- «Қартқожа» романындағы жазушының көтерген тақырыбы. Онда 1916 жылғы Ресей патшасының қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығы кезіндегі аласапыран, патшаның тақтан құлауы алдындағы қазақ ауылының көрінісі, адамдар психологиясы көркем бейнеленген. Жазушы осы тартыстар арқылы қазақ кедейінің қоғамдағы теңсіздіктің сырын ұғуы, әлеуметтік әділетсіздіктердің себептерін түсінуі секілді ояну процесін көрсетуге ұмтылады.
- «Ақбілек» романында не жайлы баяндалады? Романда ескі ортадағы жікшіл тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының төңкерістен кейінгі жаңа сипатты заманның мүмкіндігіне сай өз құқығы үшін күресу жолы баяндалады.
- «Әнші» әңгімесіндегі негізгі кейіпкер Әмірқанның прототипі кім?Әйгілі Әміре Қашаубаев – қазақтың жезтаңдай әншісі.
- «Жол үстінде» әңгімесі қай жылы, қандай жинақта жарық көрді? 1925 жылы «Терме» жинағының бірінші санында.
47.Мамырбай, Бекболат, Балташ, Ақбілек, Ұрқия бұл кейіпкерлер жазушының қандай шығармасымен байланысты? «Ақбілек» романының кейіпкерлері.
48.Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы қандай үлгіде жазылған? Әдебиет теориясының натурализм үлгісінде.
- «...Шөгіп жатқан түйедей, ортасы кезеттеніп, денесін қышқыл қара түн басып, қыр арқасы тарақтай ирек,-ирек болып, шудасы желкілдеп тұрған, мынау өзіміздің Баян тауы...» үзінді жазушының қай шығармасынан алынған? «Қартқожа» романынан.
- «Қартқожа» романындағы басты кейіпкер шынайы өмірде болған ба және өмірде қандай қызмет атқарған? Өмірде болған адам, педагогтік қызметатқарған. Қартқожадан қалған ұрпақ- Төлеш Қартқожаұлы Тоғанбаев –техника ғылымының кандидаты болған, қазақ ауылшаруашылық институтында қызмет атқарған
51.Ж.Аймауытов Мағжан Жұмабаев туралы қандай пікір білдірген? Мағжан–сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті. Маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі мұңды зарымен күшті.
52.Ж.Аймауытов адам мінездерін неше түрге және қалай бөледі? 8-ге бөледі. 1-күйгелек, 2-аяныш жанды, 3-ыстық қанды, 4-салқын қанды, 5-қызбалы, 6-құмартпалы, 7-«ұйтқымалы»8-сарыуайымшыл.
53.12 бөлімнен тұратын, оқу құралы үлгісінде жазылған қазақ тіліндегі зерттеу жұмысы қалай аталады? «Психология» кітабы, осы бағыттағы алғашқы жемісті ізденістердің, олжалы табыстардың қатарына жатады.
54.Ж.Аймауытов мына сөздерінде кім туралы айтқан? «Ол жас ақындардың ішіндегі бір күшті ақын еді. Өнер білім сәулесін аңсап, құлаш ұрып, кедейлік, жоқшылық зарын шегіп, жауыз тұрмыспен жанталасып, алысып, жеңе алмай мерт болды. Тірі жүрсе, өзі айтқандай, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғандай, от жалындай зулаған болат қайрат, құрыш жігердің, кекті жүректің ақыны еді». Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы.
ІІ.Өмірі
55.Ж.Аймауытов қай жылы толық ақталды? 1988 жылықазан айында толық ақталды.
56.1915 жылы «Қазақ» газетінде басылған Желкек (псевдоним) атымен алғашқы баспа жүзін көрген өлеңі? «Баяғы жұрт» өлеңі.
1929 жылы жазушы ұлтшыл деген айыппен ұсталған соң шығармаларын шығаруға мүмкіндік бермеген кездегі ақынның көп пайдаланған псевдоним есімдері? Желкек, Желкен, Жанақ.Қызылтаулық.
57.Бес томдық шығармалар жинағы қай жылы жарық көрді?1996-1999 жылдары.
58.Ж.Аймауытовтың актерлік қыры туралы қай жылы, қай журналда басылып шықты?
- «Ақбілек» романын «Чудесный нәрсе» деп қысқа да ұтымды бағалаған кім? Ғабит Мүсірепов.
60.1924-1925 жылдары Жүсіпбекті қазақ әдебиетінің биік шыңы деп жоғары бағалаған кім? М.Горький.
61.Жүсіпбектің әкесі Аймауыт неше ағайынды болған және ағайындарын атап беріңіз.Аймауыт бес ағайынды болған, атасы Дәндебайдың бәйбішесінен Аймауыт пен Иса, кіші әйелінен Оспан, Абайылда, Әбдіраман туған.
62.Жүсіпбек ең алғашқы өлеңін неше жаста және не жайында жазды? 13 жасында, тіленші шалға есік ашпаған кемпір мен көшкенде байталға мінбеймін деп әкесін ренжіткен қыз жайлы.
63.Жүсіпбек жазушылықтан басқа қандай қолөнер түрлерін меңгерген?Әәбзелдетіп ер-тоқым жасау, етік тігу, домбыра жасау.
64.Жүсіпбек Семей мұғалімдер семинариясында кімдермен бірге оқыды? М.Әуезов, Қ.Сәтбаев.
65.Жүсіпбектің балалары мен немерелерін атап беріңіз. Ұлдары-Бектұр, Жанақ, қызы- Муза, немерелері-Валентина, Надежда, Шурик.
66.1917 жылы 17 желтоқсанда М.Әуезов пен Ж.Аймауытов қай пьесада, қандай кейіпкерлердің рөлін өздері ойнаған? «Рабиға» пьесасында, М.Әуезов Ысқақ рөлін, Ж.Аймауытов Ахмет рөлін ойнаған.
67.Жүсіпбек кезінде қандай бүркеншік аттарды қолданған? Желкен, Желкек, Жанақ, Қызылтаулық.
68.Аймауытов қандай жаламен өлім жазасына кесілді? Торғай уезінің ашыққан халқына жәрдем ұйымдастырып, жиналған малды өзі пайдаланып кетті деген жаламен жауапқа тартылып, артынан ақталады. Содан 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген сылтаумен қайта тұтқынға алынады.
69.Қазақ әдебиетінің жаңа өріске шығуына мол үлес қосқан жазушының артында қалған тұяқ туралы не білесіңдер? Бірінші әйелі Вера Волковадан Бектұр (Виктор), Жанақ (Евгений), екінші әйелі Евгения Сермұхамедовадан Муза есімді қыз қалған.
70.Аймауытов қазақ, орыс тілдерінен басқа қандай тілдерді жетік меңгерген? Семинарияда оқып жүргенде неміс тілін үйрену үшін немістердің пәтерінде тұрған. Француз тілінің мұғалімімен жақын араласа жүріп, француз тілін меңгеріп алған және татар тілінде еркін сөйлей білген.
71.Жүсіпбектің көркем сөз шебері екендігі белгілі. Оның жазудан басқа қандай өнері болған? Оның ғажап етікшілігі болатын. Сонымен бірге түйін түйетін ұсталығы да болған. Музыкалық аспаптарда (домбыра, скрипка, рояль) еркін ойнаған.
- «Әңгімеде қарапайым халықтың ұлттық характері мен тұрмыс-тіршілігі, ел мен жердің табиғи суреті, ең бастысы Ж.Аймауытовтың қолтаңбасына тән әуезді тіл, сұлу ырғақ анық сезіледі»,- деген жылы лебіз кімнің пікірі? Ғалым Қ.Мұхаметханов.
73.Жазушы қай жылы дүниеден өтті? 1931 жылы.
ІІІ. Атқарған қызметі
74.Ж.Аймауытовтың қазақ әдебиетіндегі орны? Ж.Аймауытов артына аса бағалы бай әдеби мұра қалдырды, ғылыми еңбектер аударды, педагогика, психология әдістемесіне тәрбие туралы зерттеулер жазды.
75.Жазушының жеке ұстаздық қызметі мен қайраткерлігі туралы не айтасың?
Ж.Аймауытовтың жаңа өмірді орнықтыру жолындағы күрес жолын өмір белестерін қарасақ, ол Қазақстан Кеңестерінің құрылтайына делегат, оқу комиссриятының коллегия мүшесі, «Ақжол» газетінде жұмыс істеумен қатар Шымкенттегі педагогика техникумының директоры қызметін атқарды. Мұғалімдік қызметін 1914 жылы мұғалімдер семинариясын Семей қаласында бітіргеннен кейін бала оқытудан бастаған.
76.Жүсіпбек өмірінің соңына қарай қай жерде және қандай лауазымдық қызмет атқарды? Шымкенттегі педагогикалық техникумда директорлық қызмет.
77.Ж.Аймауытов М.Әуезовпен бірлесіп Семей қаласында қандай журнал шығарды? «Абай» журналы 1918-1919 жылдары.
78.Ж.Аймауытовтың Оңтүстік өңірде, әсіресе, Шымкентте қызмет бабымен жүріп қандай із қалдырғанын білесіңдер? Жүсіпбек 1926-1929 жылдары Шымкенттегі педагогикалық техникумда директорлық қызмет атқарып, әр түрлі саяси жұмыстарға араласты.
79.Ж.Аймауытов Кеңес өкіметі жылдарында қандай басылымдарда және қандй лауазымда қызмет атқарды? «қазақ тілі», «Ақ жол» газеттерінде редактор болып қызмет еткен.