Класы 5-класс
Пәні қазақ тілі
Сабақтың тақырыбы: Тұрақты тіркестерден өткенді қайталау.
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға фразеология емлесіне байланысты әр түрлі жаттығу жұмыстарын жүргізе отырып, тұрақты тіркестер жөніндегі алған мағлұматтарын бекіту.
Күтілетін нәтиже:
1) тұрақты тіркестер туралы білімдерін пысықтай отырып, өз беттерімен жаттығу жұмыстарын орындай алады.
2) тұрақты тіркестер арасындағы байланысты салыстыра алады.
3) тұрақты тіркестер туралы алған білімдерін өмірде қолдана отырып, соған өз көзқарастарын білдіре алады.
Сабақтың типі: бекіту, пысықтау сабағы
Жұмыс формалары: жеке, жұптық, топтық
Әдістері: СТО технологиясының элементтері
Сабақтың кезеңдері:
Ұйымдастыру. Оқушылармен амандасып, түгелдеу. Оларды шаттық шеңберіне шақырып, тұрақты тіркестерді қатыстырып, өз көңіл-күйлерін білдіретіндей бір-бір сөйлем айтқызу. (Мен бүгін жүрегім алып-ұшып келдім) Үш түрлі түстен стикер тарату арқылы оқушыларды үш топқа бөлу.
І. Қызығушылықты ояту.
Тұрақты сөз тіркесімен бейнелеп қалай айтуға болады?
1-топ. Тілеген атамыз ақын, әнші, композитор, саятшы, палуан әрі айтыскер адам еді.
Бұндай адамды қалай атайды? (сегіз қырлы, бір сырлы)
2-топ. Әйгерім мәдениет үйіне концерт көруге барып еді, халық көп, тығыз отыр.
Бұндай көріністі не дейді? (ине шаншар жер жоқ)
3- топ. Жандостың лагерьде бірге болған жақсы досы бар екен. Сол досы туралы үнемі айтып отырады. Үнемі айтып жүруді не дейді? (аузынан бір елі тастамау) (1 мин)
- Дұрыс айтасыздар, олай болса тұрақты тіркес дегеніміз не?
- Оның қандай ерекшеліктері бар?
ІІ. Мағынаны ашу.
І. Сөздікпен жұмыс.
- Бір бас, бір тас болу – ауызбірлік сақтау, ұйымдасу
- Нұр үстіне нұр болу – өте тамаша, тіпті жақсы болу
- Мұрнынан шаншылу – жұмыстан бір сәт босамау, қолы тимеу
- Қолынан намыс бермеу – жеңілмеу, нағыз қайсарлық көрсету
- Аспанмен астасқан – зәулім биік, асқар биік
- Бұғауын бұзу – қысым-қиянаттан құтылу, еркіндікке шығу
- Өкшесі жерге тимеді – тым тез, шапшаң жүгіру, дамыл таппау
- Тай-құлындай тебісу – асыр салып, бірге ойнап өсу
- Алысқа қол сермеу – терең ойлау, биікке ұмтылу
- Алмас тілді – өткір, әділ тілді, шешен сөзді
ІІ. Берілген тұрақты тіркестердің ішінен таңдаған үшеуіне сөйлем құрастыру
ІІІ. «Елім – менің мақтанышым» тақырыбына берілген тұрақты тіркестердің бір-екеуін қатыстырып, 5-6 сөйлеммен мәтін құрау.
ІІІ. Ой толғаныс.
Синквейн әдісі. «Тұрақты тіркес»
- Тұрақты тіркес
- Антонимдік, синонимдік сыңарлары бар, мағынасы тұрақты
- Бір мағына береді, бір ғана сұраққа жауап береді.
- Тұрақты тіркес – ойды жеткізу құралы.
- Фразеологиялық тіркес
Рефлексия. Тұрақты тіркестер тақырыбын қаншалықты түсініп-білгендерін стикер жапсыру арқылы білдіреді. Стикерге есімдерін жазып, тақтаға ілінген қағаздағы өзі қалаған сөздің тұсына әкеліп жапсырады.
Үйге тапсырма. 123-жаттығу. Өз досыңа немесе әдеби кейіпкерге фразеологиялық тіркестерді пайдалана отырып, мінездеме жазу
Бағалау. Оқушыларды бағалау парағы бойынша бағалау.